Уважаемый читатель!
Поделись интересной новостью со своими друзьями в социальных сетях!

14 - Алия Икамбаева

16 - Елена Кузнецова

17 - Сергей Шут

19 - Айымгуль Абилева

19 - Амангельды Бекмуратов

21 - Дмитрий Ройз

22 - Анна Куликова

26 - Андрей Фролов

28 - Галия Нурушкина

28 - Валентина Петрова

ГлавнаяПерсона ⇒ Ескен Қабиевтің туғанына 80 жыл Естен кетпес адал дос еді

Ескен Қабиевтің туғанына 80 жыл Естен кетпес адал дос еді

Адам өзінің өмірінде бала кезінен бастап бірталай адамдармен жолдас, дос болады. Мысалы, ойын баласы кезінде - балалық дос, мектепте оқыған кезде – мектептес дос, одан әрі студенттік дос, қызмет істеген кезде – қызметтес немесе әріптес дос болады.
Әрине, олар да әртүрлі болады.
Менің сондай әріптес досымның бірі және бірегейі Ескен Қабиұлы Қабиев еді. Алдымен осы тамаша досымның қысқаша өмірбаянын айтып кетейін.
Қабиев Ескен Қабиұлы 1932 жылғы желтоқсанның 25-інде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылында туған. Ауылдағы бастауыш мектептің 2-ші сыныбын бітіріп 3-ші сыныпқа көшкен кезінде, әкесі Қаби соғысқа аттанады да содан хабарсыз кетеді. Үйде шешесі ауырып қайтыс болады. 10 жасар Ескен осылай әке-шешесінен айрылып, әжесінің (әкесінің шешесінің) қолында қалады. Жұдырықтай жас бала колхоз жұмысына жегіледі. Басқалармен бірге пар өгізбен Петропавл элеваторына астық тасиды. Басқа да ауыр жұмыстар істеп көп бейнет көреді. Әжесімен екеуінің тұрмыс жағдайы қиындап кетеді. Мұны көрген Қабидың қарындасы Нүрила шешесі мен Ескенді Петропавл қаласына өз үйіне көшіріп алады. Қалада да тұрмыс ауыр еді. Карточная система. Нанды талонмен алады. Содан апасы Нүрила мен соғыстан бір аяғынан айрылып келген жездесі Қалиасқар Құрманов Ескеннің тұл жетімдігін дәлелдеп қаладағы № 5 қазақ мектебінің интернатына орналастырады. Ескен осы мектепті жақсы бағамен бітіріп шығады. Ол әсіресе физика, математика пәндерін сүйіп оқыған. Мектеп бітірісімен Алматыға барып өз бетімен гидрология мамандығы бойынша институтқа оқуға түседі. Оның 1 курсын жақсы бітіреді. 2 курста көп қиыншылық көреді. Өйткені үйден келетін көмек жоқ, аш-құрсаң болып жүреді. Әйтеуір шыдап 2-ші курсты да тәмамдайды. Әрі қарай оқуға жағдай болмағансын елге қайтады. Мұнда да тұрмыс қиын. Ол кезде мектептерде мұғалімдер жетіспейтін. Мұны білген Ескен сол кездегі облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі В.И. Сакунға барып, институттың 2-ші курсын бітірген қағазын көрсетеді. В.И. Сакун оны қаланың жанындағы Белое жетіжылдық мектебіне физика, математика пәндерінің оқытушысы етіп жібереді. Онда 2 жыл істегеннен кейін, бұрынғы өзі бітірген № 5 қазақ мектебіне ауысады. Осы мектепте сабақ беріп жүріп, білімін толықтыру мақсатымен Ушинский атындағы мұғалімдік институттың физика- математика факультетіне оқуға түседі. Оның 3-ші курсын бітіргеннен кейін отбасының жағдайына қарай, сырттай оқу бөліміне ауысады (бұл кезде ол педучилищені жаңа бітірген Әйміш Жұмабайқызына үйленген болатын). Бұдан кейін ол қалада жаңа ашылған музыкалық училищеде бір жыл физика және математикадан сабақ береді. Бұл кезде қалада тұрмыс жағдайы қиындап кеткесін елге баруға бел байлайды. Облыстық оқу бөлімі Ескенді қазіргі Шал ақын ауданындағы Соколовка 8 жылдық мектебіне директор етіп жібереді. Ескен Қабиұлы бұл мектептің оқу-тәрбие жұмысын көтеруге бар күш-жігерін салады. Қаусап тұрған ескі мектептің орнына жаңа мектеп салдырады. Жағалай ағаш отырғызады. Осы мектепті ол табаны күректей 12 жыл басқарады. Дегенмен бұл шалғайдағы шағын мектеп болатын және жоғары білімді оқытушылар да шамалы еді. Ескен өсіп келе жатқан балаларына жақсы тиянақты білім әперу үшін облыс орталығына жақын бір орта мектепке ауысуды армандайды. Сәті түсіп, Мамлют ауданындағы Петропавл қаласына жақын Покровка орта мектебіне директор болып орналасады. Осы мектепті басқарып жүріп қоғамдық түрде насихатшы жұмысын да атқарады.
Ескен бұл мектепті 5 жыл басқарады. Мектеп ұжымы да, аудандық оқу бөлімі де оның жұмысын жоғары бағалайды. Әттең, денсаулығы сыр бере бастады. Сол себепті Соколов ауданындағы Березовка сегізжылдық мектебіне директор болып ауысады. Осында жүргенде дәрігерлерге қаранып, емделіп, денсаулығын біраз түзеп алады. Жұмысы да жақсы жүреді. Оның жақсы жұмысын көрген аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы Изосимов Ескенді Пеньково ауылдық кеңесінің тарағалығына ұсынады. Ол кезде партия не айтсада орындау керек. Ескен бұл қызметті 6 жыл мүлтіксіз атқарды. Абыройлы болды. Халық та оны сыйлады. Бір кемшілігі еңбек ақысы аз болды. Қатардағы мұғалімнің еңбекақысы одан жоғары еді. Сол себепті Ескен аудандық оқу бөліміне барып мектепке жіберуін өтінеді. Сөйтіп ол Малиновка сегізжылдық мектебіне директор болып тағайындалады. Осында қызметте жүргенде денсаулығы тағы да сыр бере бастайды. Балалық шағында, соғыс кезінде көрген қиыншылықтары, оқуда жүргендегі ашқұрсақ жағдайы оның денсаулығына ауыр із қалдырғаны анық.
Ақырында ол 1991 жылғы 18 наурызда зейнеткерлікке де жете алмай ауыр науқастан қайтыс болды. Қабиев Ескеннің ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақ КСР халықағарту ісінің үздігі» төс белгісімен, облыстық, аудандық оқу бөлімдерінің құрмет грамоталарымен марапатталады.
Артында сүйікті зайыбы Әйміш Жұмабайқызы (ол да мамандығы бойынша оқытушы – Петропавл педучилищесінің түлегі), Зәуреш, Гүлнәр атты қыздары, Ерден, Ержан, Нұржан, Руслан атты ұлдары қалды. Орнында бар оңалар дегендей балаларының барлығы да әртүрлі жоғары оқу орындарын бітіріп әр салада қызмет атқаруда.
Мысалы, Нұржаны көп жылдар бойы Казпошта жүйесінде қызмет атқаруда (әуелі облыстағы Казпоштаны басқарса, қазір Астанада қызметте). Ержаны – бизнесмен, Петропавлда тұрады. Русланы Ақтау қаласында судья болып істеуде. Тек үлкен ұлы Ерден осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Қызы Зәуреш – бухгалтер, Гүлнәрі – Алматыда Казтелекомда қызмет атқарады.
Қазіргі кезде Ескеннің 9 немересі, 4 жиені және бірнеше шөбересі өсіп келеді. Зайыбы Әйміш Жұмабайқызы осылардың ортасында ақылшы, қамқоршы болып отыр. Ескеннің көреалмаған қызығын көріп, бәрінің амандығын тілеп, тәуба дейді.
Мен алғаш рет Ескенмен 1961 жылдың желтоқсанында таныстым. Мен ол кезде қазіргі Шал ақын ауданындағы Городецк 8 жылдық мектебінде директор болатынмын. Бір күні біздің мектепке Ескен Қабиев (Соколов сегізжылдық мектебінің директоры) және А.М. Тукачев (облонодан) келді. Біздің ауданның мектептерінің жұмысын тексеруге крайонодан комиссия келген екен. Оларға ауданнан кісі қосып кейбір мектептерді байқауға жіберіпті. Сөйтіп, Ескен Қабиұлы осы комиссияның құрамында біздің мектепте 3 күн болды. Бұл кезде мектеп ұжымының жұмысы жақсы жолға қойылған болатын. Келген екеуі сабақтарға қатысты, мектептің басқа жұмыстарымен танысты. Әйтеуір, мектеп жұмысына оң баға беріп мақтап кетті.
Бұдан кейін 1962 жылы қаңтарда аудан орталығы Марьевкада мұғалімдердің қаңтар конференциясында Ескенмен тағы кездестік. Конференциясының бірінші күнгі жұмысы аяқталғанда Ескен мені Соколовкаға үйіне қонақ болып қайтуға шақырды. Мен алғашында түнделетіп барғым келмеп еді, Ескен болмады. Мына тұрған жерғой (12 км) барып қонып, таңертең қайтып келеміз деп. Сөйтіп екеуміз ат жеккен шанамен оның үйіне барып, ас ішін қонып, таңертең қайта конференцияға келдік.
Ол кезде Әйміш жас келіншек, балалары да жас екен. Содан былай біз отбасымызбен достасып кеттік. Ескен ақкөңіл, достыққа адал, кеңпейіл еді. Оның тағы бір жақсы қасиеті өте балажан еді. Әйміш бірдеңеге балаларына ұрса бастаса, Ескен: «Ұрыспашы, мен өзім жетім өстім, балалықты білмедім. Енді осы балаларды жақсы азамат етіп тәрбиелейік», - дейді екен.
Ол тіпті біздің үйге келгенде біздің балаларды да айналып-толғанып, қолына алып көтеріп беттерінен сүйіп бәйек болатын.
Ескен кейін қай мектепте қызмет істесе де, мен оған барып, амандығын біліп, жұмысын қарап, риза болып, қажет болғанда ақыл-кеңесімді айтып жүретінмін.
Бір жылы екеуміз жазғы демалыста Алматыға барып бір жұма бойы Ескеннің жақсы жолдасы Фазылов Игібергеннің үйінде қонақта болып, демалдық. Сонда Игіберген, Ескен үшеуміздің түскен фотографиямыз менде сақтаулы. Кейде қарап, өткен күндерді еске аламын. Ескен менен 2-3 айдай ғана кіші болса да, мені сыйлап ылғи «Кәке» деп атайтын. Ол сондай инабатты, адамгершілігі мол, адал дос еді. Амал қанша, ерте дүние салды. Ендігі тілек жатқан жері жайлы, топырағы торға, иманы жолдас болсын.
Ескеннің өзіне тартқан балалары да ақкөңіл, жұмыстарына тиянақты, адал жандар. Зайыбы Әймішке осы ұрпағыңның қызығын көре беріңіз демекпіз.
Қайролла Мұқанов,
ағарту ісінің ардагері,
зейнеткер




Искать похожие статьи:

Оставьте свои комментарии