Уважаемый читатель!
Поделись интересной новостью со своими друзьями в социальных сетях!

3 - Наталья Балашова

4 - Сагандык Маугузин

5 - Алма Жусупова

8 - Анна Пенькова

10 - Серик Муканов

11 - Иван Моор

17 - Лев Калантырев

18 - Ольга Попова

20 - Василий Манзя

20 - Аслан Нурсеитов

22 - Болат Кожахметов

23 - Самат Шаймерденов

27 - Жулдыз Зейтенова

26 - Юлия Исакова

29 - Лариса Морозова

30 - Назерке Турсунова

30 - Акерке Кабыкеева

ГлавнаяОтечество ⇒ Қожаберген жырау тарихтан өз орнын алуға тиіс

Қожаберген жырау тарихтан өз орнын алуға тиіс


Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді –
деп ба-сталатын «Елім-ай» әнінің шыққанына биыл 290 жыл толады. Бұл әнді және осы аттас күй мен тарихи дастанды халлқымыздың басынан өткен қиын-қыстау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде шығарған атақты Толыбай сыншы ұлы Қожаберген жырау (1663-1763) бабамыз еді.
Қожаберген жырау 1663 жылғы наурыз айында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещенка селосының маңында Толыбай сыншы қарағайы деген орманның қойнауында дүниеге келіп, сол жерде 1763 жылы 100 жасқа толып ауырып қайтыс болады.
Ол жасында Үргеніш, Бұхара, Самарканд медреселерінде оқып мол білім алады. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгереді. Осындай білімінің арқасында 1683-1688 жылдары Әз-Тәуке ханның елшілік қызметінде 5 жыл басшылық етіпті. 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен қолына әскербасы болып қалмақ шапқыншылығына қарсы ұзақ жылдарға созылған соғыстарда талай рет ірі жеңістерге жетіп, ордабасы атағын алған үлкен баһадур, әскери қайраткер. Оның 23 жыл әскер басқарғанына өзінің «Үш би» атты өлеңінде былай деп көрсетілген:
Басқарып Үш жүз қолын 23 жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,
Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.
Қожаберген жырау Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» жазған ғұламалардың бірі. Оны қалай жазғаны туралы жырау былай дейді:
Әз-Тәукеге қызмет қып
Жаздым «Жеті жарғыны»
Салыстырып талдадым
Бергі менен арғыны.
Әз-Тәукенің бас биі –
Майлы батыр ағамыз.
Нұсқа айтқан соң Майлы-екең,
Кеңіп қалды жағамыз.
Көмектесті біздерге
Қазыбек, Төле, Әйтеке.
Қазақтың заңын нығайтып,
Тыйым салды тентекке.
Белгілі Көтеш ақын Райұлы да өзінің «Жиен жырау» дастанында:
Ақылдасып үш бимен
«Жеті жарғыны» жазған ер.
Кім десеңіз ол бекті:
Қожаберген кемеңгер, -
деп жазады.
Жырау 1710 жылғы жазда өзінің көп жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздіксіз қатысып шаршағанын мойындап Әз-Тәуке ханға өзін Ордабасы қызметінен босатуын өтініп, орнына өзінің шәкірті жас Бөгенбай батыр Ақшаұлын сайлауды ұсынады. Әз-Тәуке хан арнайы құрылтай өткізіп Бөгенбайды Ордабасы етіп сайлатады, сол жиында Қожаберген Бөгенбайға ақ батасын береді.
Бұл жайында Қожабергеннің тағы бір шәкірті Бұқар жырау «Ғаділ ер» деген өлеңінде былай дейді:
Қожаберген ғаділ ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға
Билігін берген ардагер.
Қожаеке ме Бөгенбай
Шәкірт болған жан еді.
Сайлатқан оны ұстазым
Қарадан шыққан хан еді.
Бұдан кейін сол 1710 жылғы жаздың соңында Қожаберген батырды қартайған ағасы Қарабас батыр өз орнына Орта жүз Керей-Уақ елдеріне шора сайлатады. Сөйтіп, Қожа екең 1710-1723 жылдар аралығында өз жұрты Керей-Уаққа басшы болады. 1723 жылғы көктемде өзінің орнына шора етіп ағасы Қарабастың үлкен ұлы Асқап сардарды сайлатып, өзі Сыр бойында мекен еткен Кіші жүздегі қайын жұртына аттанады. Сол жылы қазақ еліне қалмақтардың жойқын шабуылы басталып кетеді. Қожаберген жырау сол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апатты өз басынан өткеріп, көзімен көрген, қырғынның жуан ортасында болған. Сол қатерлі сапарда ол Науан, Әсет есімді екі батыр баласынан, өзіне әрі өкіл бала, әрі атқосшы саналған Айбек, Ермек атты екі батыр азаматтан айырылып, бәйбішесі Айша екеуі әрең дегенде көппен бірге жау қоршауын бұзып өтіп, аман құтылады.
«Елім-ай» әнін, «Елім-ай» күйін, «Елім-ай» дастанының бірінші бөлімін Қожаберген ақын сол қоршауда болған кезінде шығарыпты. Бұл кезде ол 60 жаста болатын.
Қожабергеннің өмірі мен шығармашылық қызметі дер кезінде жиналмай зерттелмей, іздеушісі болмай қалады. Оның кейбір шығармалары қазақтың XIX ғасырда өмір сүрген педагог-жазушысы, ағартушы-демократ Ыбырай Алтынсарин құрастырып 1879 жылы Орынбор баспасында жарық көрген «Қазақ хрестоматиясында» және оның 1896 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Мәктубат» деген кітабында жарияланыпты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің айтуынша бұлардан сәл бұрын, 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского русского географического общества» атты кітапта (253 - бетінде) «Қаратаудың басынан көш келеді» әнұранының алғашқы нұсқасы 16 жол көлемінде беріліпті. Сонымен бірге Түрсекең «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты еңбектің бірінші томында «Қожаберген жырау (1663-1763)» атты арнайы тарау беріліп, қазақ әдебиеті тарихында тұнғыш рет «Елім-ай» әнінің авторы жайлы бірқыдыру мәлімет берілгенін де айтады.
Қожаберген туралы кезінде Дәстем сал Қарабасұлы (1677-1752), Жанкісі жырау Көшекұлы (1734-1817), Жанақ Төлекұлы (1743-1821), Баһрам Шақшақұлы (1779-1826), Көрпеш, Сегіз сері Баһрам ұлдары жазған екен.
Қожаберген жырауды XIX ғасырдың екінші жартысында Шәңгерей Бөкеев (1847-1920), Мәшһүр Жүсіп Көпеев сияқты ақыңдар зерттеген, XX ғасырдың басында Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920), Біржан Берденов (1889-1921) зерттеген екен.
Бертін кездің бірінде халқымыздың көрнекті білгір адамдарының бірі – белгілі әскери қайраткері, аса дарынды жазушысы, атақты батыры, есімі әлемге аян Бауыржан Момышұлы «Елім-ай» дастанын былай деп бағалапты: «Керей Қожаберген жыраудай бұрыңғы-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры - әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» - деген екен.
Ал қазақ халқының аса көрнекті ғылым қайраткерлерінің бірі тарих ғылымының докторы, профессор Ермұқан Бекмаханов: «Көшебе Керей Қожаберген ақын Толыбай сыншыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден бір тарихи құжат!» - деп тұжырымдапты. Осы мазмұндас бағаны кезінде академик Әлкей Марғұлан, академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторы, профессор Бек Сүлейменов те шегелеп айтқан екен.
Алайда кейін ұзақ жылдар бойы Қожаберген есімі аталмай келді. Академик Манаш Қозыбаевтың айтуынша оның себебі екеу: «Бірінші – Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» империяға қарсы туынды. Онда ол орыс империясы қалмақтарға қару сатты, қолдады деп айыптайды... Екіншісі - «Елім-айы» қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсы. Ал төрелер әулеті қазақ қоғамына ендеп, бойлап араласып, құраласып кеткен-ді».
Тарихтан белгілі Ақтамберді жырау, Тәтіқара ақын, Үмбетей жыраулар Қожаберген жыраудан үлгі алған кіші замандастары болатын. Ал атақты Бұқар жырау Қожаберген ұстазына арнап «Ғаділ ер», «Ұстазыма» деген өлең-толғауларын шығарған. Қожаберген бабамыздың кім болғанын, қазақ тарихындағы орны қандай екенін Бұқар жыраудың осы өлеңдерінен де байқауға болады.
Бұқар жырау «Ұстазыма» атты толғауында Қожаберген жыраудың мұсылман елінің біріккен әскерін басқарып, азаттық соғыста үлкен-үлкен жеңістерге жетіп қалың мұсылман жұртының сүйіспеншілігіне бөленгенін, көпшіліктен сан рет алғыс алғанын жырлайды, ұстазының туған халқына найзасымен ғана емес, қобызы мен сыбызғысын, домбырасын қоса ұстап, жырын ағылтып, күйін төге қызмет еткен отаншыл ақын екенін жазады:
Осы толғаудан үзінділер келтірейік:

Жалаулы найза, қобызды,
Домбырасын қолға алған
Қамалға шабар алдында
Шығарып өлең тастаған

Қиын-қыстау кезеңде
Намысын қозғап өлеңмен
Қожаберген ұстазым
Қалың қолға дем берген

Ақжолды сардар ұстазым
Дұшпаннан айыл жимаған
Қожаберген сарбазды
Мұсылман түгел сыйлаған

Тәукенің жазып низамын
«Жеті жарғы» деп атаған.
Қатаң бапты еңгізіп,
Бұзықтарды матаған

Өсиет айт деп сұрасаң
Бұқар деген ағаңнан
Үлгі алыңдар, балалар,
Қожаберген бабаңнан

Рас, соңғы 30-35 жылда жыраудың өмірі мен шығармашылығы біршама зерттеліп келеді. Ақынның өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректер жәңе оның аталған шығармалары туралы бірталай зерттеу мақалалар республикалық газет, журналдарда, облыстық, аудандық газеттерде жарияланды. Оның шығармалары 1983 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты жинаққа енді және онда Қожаберген жыраудың «Елім-ай» әні мен күйін, жыр дастанын шығарғандығы айтылып талданып жазылды. Содан бері жүздеген зерттеулер, мақалалар жарық көрді. Дегенмен біздің кейбір әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыз Кеңес өкіметі кезінде оның атын атауға да қорқатын. Мысалы, 1984 жылы Алматының «Жазушы» баспасынан «Бес ғасыр жырлайды» атты 3 томдықтың бірінші томы шықты. Онда XV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары берілген.
Міне осы кітапта Қожаберген жыраудың әріптес замандастары Ақтамберді жырау, Тәтіқара ақын, Үмбетей жырау мен Қожабергеннің шәкірті Бұқар жыраудың шығармалары мен қысқаша өмірбаяндары берілген. Бұл, әрине, құптарлық іс. Бірақ дәл сол заманда өмір сүріп талай тамаша өлең, жыр, дастандар шығарған Қожаберген жырау мұнда мүлде жоқ! Ал ол сол замандастарымен қатар тұру керек еді.
Тек, 90-шы жылдары Қожаберген жырау, батыр туралы ірі көлемді мақалалар шыға бастады. Мысалы жазушы Нәбиден Әбутәлиевтің, ғалым Төлеш Сүлейменовтың кітаптары, т.б.
Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығын халыққа танытуда 2000 жылғы 19-21 желтоқсан күндері Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының ұйымдастырылуымен «Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатаын орны» деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-теориялық конференциясының рөлі зор болды. Конференцияда Ұлттық Ғылым Академиясының тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Манаш Қозыбаев «Дауылпаз баба - Қожаберген» деген тақырыпта негізгі баяндама жасады. Академик жыраудың ерлігімен, шығармашылығы туралы айта келіп, оның «Елім-ай» дастанына ерекше көңіл аударды:
«Қожаберген бабамыздың «Елім-ай» дастанының орны ерекше. Оны тек «дастан» деу аз сияқты. Оның арнасы кең – ұлттың болу, болмауы, Отан тағдыры. Бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елім-ай» шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар, намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла атқан қайнар жыры да сыры. «Елім-ай» - ұлтымыздың Илиада мен Одиссеясындай эпикалық өміршең трагедиясы» - деген баға берді.
Осы конференциядан кейін Қожаберген жырау туралы газет, журналдарда зерттеулер, мақалалар көптеп шыға бастады, жеке монографиялар, жинақтар шықты. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұражайындағы «Асыл мұра» орталығының қызметкерлері өз күшімен зерттеу мақалаларының шағын жинағын шығарды. 2003 жылы осы қызметкерлер және белгілі фольклоршы Қаратай Биғожин облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімхановтың қолдауымен «Қожаберген жырау. Таңдамалы шығармалары» атты жинақ шығарды. Бұдан кейін заң ғылымдарының докторы, профессор, республикаға еңбегі сіңген заңгер, республиканың құрметті судьясы, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының» төрағасы Бекет Тұрғараевтің қолдауымен «Қожаберген жырау (өлеңдер, толғаулар, дастандар)» деген кітап 2007 жылы Алматыда 1000 данамен басылып шықты. Ал 2011 жылы Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың қолдауымен «Дауылпаз баба - Қожаберген жырау (шығармалар жинағы мен зерттеулер)» деген атпен Алматының «Мектеп» баспасынан 1000 данамен шықты. Жыраудың туған жеріндегі қорымында жерлестері оған арнап күмбез орнатып, ас берді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаңға есімі беріліп бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Петропавл қаласындағы № 6 қазақ орта мектебі жырау есімімен аталады.
Дегенмен де әйгілі бабамыз Қожаберген жырау Толыбай Сыншыұлы әлі де республика жұртшылығына толық таныс емес. Оның қазақ тарихы мен әдебиетінен өз орнын алатын уақыт жетті.
Қожаекең «Елім-ай» дастанында:

Ұрпаққа өзім өлсем атым қалсын
Жырыма барша жұртым құлақ салсын
«Бабамның Қожаберген дастаны» деп,
Ұмытпай кейінгі жас есіне алсын – деген екен.

Бабамыздың бұл өсиеті биыл өтетін оның 350 жылдық мерейтойында орындалар, ол туралы және оның шығармалары республикалық деңгейде көп тиражбен шығар Астана, Петропавл қалаларында оның сәулетті ескерткіштері ашылып, көшелері және Петропавл қаласындағы әскери институт оның есімімен аталар деген үміттеміз.

Қайролла Мұқанов,
Мәдениет қайраткері, өлкетанушы
Петропавл қаласы

 

Акын, музыкант, батыр, полководец. Родился в местности Гултобе (цветущий холм) - ныне село Богдановка, недалеко от Благовещенки Жамбылского района Северо-Казахстанской области. Его отец Толыбай сыншы (1603–0680) был в свое время знаменитым батыром, командовавшим войсками всего Среднего жуза.

Кожабергена с малых лет воспитывал его дядя — знаменитый батыр Жалантос. Учился Кожаберген в духовным медресе Бухары, Самарканда и Ургенча и получил хорошие знания по арабскому, персидскому языку, по исламской религии, а также по восточной литературе. Начав поэтическую деятельность с 13 лет, в 17 — слагал легенды в стихотворной форме, написал поэму «Ата тек». Знание восточных языков пригодилось Кожабергену в его дальнейшей службе: приближенные хана Тауке, стоявшего в то время у власти, заметили дарования юноши и поручили ему дипломатическую работу, которой он занимался у Тауке хана пять лет.
Кожаберген, участвуя в боях с внешними врагами, показал себя способным полководцем. Поэтому в июне 1688 года в предместье города Туркестана руководители казахских родов во главе с Тауке ханом избрали двадцатипятилетнего Кожабергена главнокомандующим всеми войсками хана. О подвигах Кожаберген батыра сложены дастаны (поэмы), стихи.
Среди заслуг Кожабергена видное место занимает его участие в изложении свода законов Тауке хана «Семь установлений». Как известно, в составлении этого свода законов приняли участие знаменитые казахские бии: Толе би, Казыбек би, Айтеке би и другие. Перу Кожабергена принадлежит историческая поэма «Жеті жарғы», в которой он описал общественное и социальное положение казахского народа.
Весной 1723 года Хунтайджи Цэван Рабдан во главе многочисленного войска напал на казахов. Они вынуждены были бежать, бросая скот, имущество, стариков и детей. Немало народу было перебито джунгарами, немало погибло при переходах и переправах через бушующие реки. Это страшное время для народов Казахстана и Средней Азии осталось в их памяти как «годы великого бедствия» — «Актабан шубырынды, Алкакол сулама!»
В 2002 году на месте захоронения Кожабергена на его родине состоялось торжественное открытие мемориала знаменитого жырау и батыра. А в 2003 году в Петропавловске выпущена книга «Кожаберген жырау», куда вошли его стихи и дастаны.




Искать похожие статьи:

Оставьте свои комментарии